Астанада жыл басынан бері 100-ден астам білім беру нысаны ашылды
Балаларды мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзивті біліммен қамту мақсатында биыл елордада тағы 102 білім беру ұйымы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елорда тұрғындарымен кездесуінде айтты.
Астана қаласы білім басқармасының басшысы елордада барлығы 757 білім беру ұйымы жұмыс істейтінін, онда 365 мыңнан астам бала оқитынын атап өтті.
Оқу-ағарту министрлігі мен Астана әкімдігі арасында қол қойылған «Білім беру жүйесін дамыту» жол картасы шеңберінде үш ауысымды мектептер және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 2023 жылдың соңына дейін 12 жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Оның 7-уі пайдалануға берілсе, қалған 5-уінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. 2028 жылға дейін барлығы 200 мыңнан астам орындық 88 мектеп салынады. Бұл 8 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 16 мектептің мәселесін шешеді.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Тек биыл мемлекеттік тапсырыс 10 214 орынға, келесі жылы тағы 10 мың орынға ұлғайтылды. Жалпы, алдағы жылдары 60 балабақша салу жоспарлануда.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бұл шаралардың барлығы білім беру сапасын кешенді арттыруға бағытталған.
Оқу-ағарту жүйесі – еліміздегі ірі салалардың бірі. Сондықтан оны үздіксіз, сапалы дамыту ведомствоның маңызды міндеті. Өздеріңіз білетіндей, осы жылдан бастап біз білім беру сапасын арттырудың бес негізгі бағытын белгіледік. Онда халықаралық тәжірибе де, елдің озық білім беру ұйымдарының тәжірибесі де ескерілді. Кадрлық әлеуетті күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша мықты басқарушыларды іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Жоба басталғанда 8 мың өтінім берілсе, соның ішінен 208 үміткер қорытынды кезеңге өтті. Іріктеудің барлық кезеңдерінен сәтті өткендердің басым бөлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа форматтағы мектептердің болашақ басшыларының резервіне кіреді, - деп хабарлады ведомство басшысы.
Одан әрі кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Үш сағат ішінде жиынға қатысушылар еліміздің бас педагогына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Сұрақтар балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, қосымша білім беруді дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және т. б. қатысты болды.
Өз кезегінде ата-аналар ел Президентіне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы үшін және азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел ден қойып отырғанына алғыстарын білдірді. Кездесуге барлығы 500-ден астам қоғам қайраткерлері, ата-аналар, сондай-ақ білім беру жүйесінің қызметкерлері қатысты.