Астанада жыл басынан 829 жүргізуші қамауға алынған
Жыл басынан Астанада көлікті мас күйінде басқарған 855 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов айтты.
2023 жылдың басынан полиция қызметкерлері елордада жолдағы қозғалыс бойынша ереже бұзудың 100 мыңнан астам дерегін анықтады. Көлікті мас күйінде басқарған 855 жүргізуші ұсталды, ал апаттық жағдай жасағаны үшін 1500-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды, - деді А. Айтмағамбетов Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 673 жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке 829 адам тартылды.
Көлікке екінші мәрте мас күйінде отырып, басқарғаны үшін 70 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, қалада жол-көлік оқиғалары 9,8 пайызға артты, - деді басқарма басшысы.