Астанада Журналистер саябағы ашылды
Елордадағы Егемен Қазақстан көшесінде Журналистер саябағы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бүгін қазақ журналистикасы үшін тарихи сәт болды деуге болады. Елордадағы Егемен Қазақстан көшесінде Журналистер саябағы ашылды. Арнайы саябақтың ашылуы - елімізде журналистерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі деп бағалауға болады. Осыдан дәл екі жыл бұрын дәл осы маңда Мемлекет басшысының қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерткіші ашылғаны белгілі. Сол қаламгерлер аллеясына ұласып жатқан журналистер саябағы ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді, - деді министр.
Журналистер саябағындағы сәнді стеллада Қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының баhадүрі Шерағаңның бейнесі қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының жалғастығын білдірсе керек.
Сондықтан елдегі белгілі басылымдар мен ақпарат құралдарының аты қашап жазылған бұл ескерткішті отандық журналистиканың жылнамасы деп бағалауға болады. Таяуда ғана Президенттің қамқорлығымен 2 ақпан Ұлттық баспасөз күні болып белгіленді. Бұл да қазақ баспасөзіне көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білеміз. Жалпы елорданың өркендеуіне журналистер көп еңбек сіңіріп жатыр. Астанадан Алатаудан Арқаға ауғанда көштің басында Шерағаң жүрген еді, - деді Дархан Қыдырәлі.
Сонлықтан бұл игі іс-шара Астананың туған күніне, 25 жылдық мерейтойына арналған үлкен тарту.
Айта кеткен жөн, Егеменнің алдындағы қараусыз жатқан жерді сәнді саябаққа айналдыру идеясы осыдан төрт жыл бұрын, бас басылымның ғасырлық белесінде келген еді. Соның сәті бүгін түсіпті. Егемендіктермен бірге барша әріптестерімді құттықтаймын. Болашақта бұл сәнді саябақ барша журналистердің басын қосатын, шығармашылықтарына шабыт беретін, игі іс-шаралар өтетін алаңға айналады деп сенемін. Осы іске қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, Жеңіс Махмұдұлына алғыс айтамын, - деді ол.