Астанада ЖРВИ жұқтырушылар саны 4 есеге жуық өскен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұмау мен ЖРВИ бүкіл ел аумағында жиі тіркелетін аурулардың бірі болып қала береді. 2021-2022 жылдардағы эпидемиялық маусымда, яғни 2021 жылғы 1 қазаннан бастап 2022 жылғы 17 наурызға дейін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары арасында жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 78 414 жағдайы тіркелді.
100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 6 352,8 құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 3,6 есе жоғары. Яғни 20 101 жағдай, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 1 739,9, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Ал эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері тіркелген ЖРВИ жалпы санынан тұмаудың 103 жағдайы тіркелген.
Қарқынды көрсеткіш 8,3 құрады. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 4,9 көрсеткішпен тұмаудың 61 жағдайы, H3N2-102 жағдай, В – 1 жағдай. Тұмаудың оң нәтижелері бар адамдарда COVID-19 анықталған жоқ. 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тұмаумен сырқаттану 1,3 есеге азайды (2020 жылы 139 тұмау жағдайы, қарқынды көрсеткіш – 12,03 және 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 63 жағдай, қарқынды көрсеткіш – 5,4-ке жетті, - деді Жанна Пірәлиева.