Астанада ЖРВИ ауруы өршіп тұр

Соңғы аптада елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 7100 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 19,5 пайызға немесе 1,2 есеге артқаны байқалады. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Прәлиева мәлімдеді.

Спикердің мәліметінше, Астанада қаланың 8 медициналық ұйымының базасында тұмауды бақылаушы эпидемиологиялық және зертханалық қадағалау қамтамасыз етіледі. Олар бір жыл ішінде тұмауға ұқсас науқастардан іріктеп сынама алады. Ал оң нәтижелер вирустарды генетикалық зерттеуден өткізіледі. Бұл мақсатты топтардағы эпидемиологиялық жағдайды бағалауға және жалпы популяция туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша 37 аптада тұмау вирусы мен COVID-19 вирусымен ауырғандар табылмады, 4 типті парагрипп - 2, микст инфекция – 42 сияқты тұмауға жатпайтын вирустар анықталды. Тәуекел тобындағы ЖРВИ-мен ауырғандардың арасында 2,4% немесе 173 жүкті әйел, 52,2% немесе 14 жасқа дейінгі 3709 бала және 1 жасқа дейінгі балалар арасында 3,6% немесе 255 жағдай болды, - деп хабарлады Прәлиева.

Осы жылдың 18 қыркүйегінен бастап қала тұрғындары арасында эпидемиологиялық айғақтар бойынша, оның ішінде медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті және эпидемиологиялық айғақтар бойынша, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүкті болған адамдар, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары, жабық мекемелер контингенті, мектеп оқушылары және басқа топтар арасында тұмауға қарсы иммунизациялау науқаны басталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы