Астанада ЖОО-ларды аккредиттеу жүйесін дамытудың озық тәжірибелері талқыланды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) «Білім сапасын қамтамасыздандыру саласындағы сарапшыларды кәсіби дамыту бойынша халықаралық семинар» өткізіп жатыр.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша халықаралық аккредиттеу органдары, қазақстандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарының өкілдері, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар, сондай-ақ жұмыс берушілер мен студенттер қатысып жатыр.

Семинардың басты спикерлері ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі, білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша халықаралық және еуропалық желілердің өкілдері сөз сөйледі.

Семинар аясында пленарлық отырыс, пікірталас және талқылаулар, іскерлік ойындар, сондай-ақ кейстермен жұмыс жоспарланған.

Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің директоры, заң ғылымдарының кандидаты Алина Жұмағұлова семинардың негізгі мақсаттарына тоқталып өтті.

«Халықаралық семинардың негізгі мақсаты – білім сапасын қамтамасыздандыру және аккредиттеу жүйесін дамыту саласындағы озық тәжірибелерді талқылау мен алмасу бойынша халықаралық диалог құру, сыртқы бағалау бойынша кәсіби қауымдастықты қалыптастыру мен дамыту», - деді Алина Жұмағұлова.

Сонымен қатар, ол аталған іс-шараның тағы бір мақсатына АРТА сарапшыларының біліктілігін арттыру жататынын атап өтті.

«Білім сапасын қамтамасыздандыру саласындағы сарапшыларды кәсіби дамыту бойынша халықаралық семинарды өткізу сарапшылардың деңгейін арттыруға, білім алмасуға және халықаралық үздік тәжірибелерді таратуға ықпал ететін, білім беру қызметінің сапасын сыртқы бағалау бойынша кәсіби қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған», - деп сөзін жалғады АРТА директоры.

Білім беру сапасын қамтамасыздандырудағы аккредиттеудің алатын орны туралы баяндаған АРТА кеңесшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ольга Яновская ЖОО-ларды аккредиттеуден өткізетін Сыртқы сараптау комиссиясының (ССК) құрамына кімдер кіретінін айтып берді.

«Сыртқы сараптау комиссиясының құрамына ең алдымен, студенттер, жұмыс берушілер, шетелдік мамандар мен академиялық жұртшылық кіреді», - деді Ольга Яновская.

Спикер сондай-ақ, сарапшыға қойылатын негізгі талаптарға аккредиттеу қағидаларын, этика мен тәуелсіздікті сақтау, сонымен қатар ашық болу жататынына тоқталып өтті.

Ольга Яновскаяның айтуынша, сарапшының міндетті түрде кәсіпқойлық, адалдық, бейтараптылық пен әділдік сияқты қағидалары болуы керектігін айтты.

    Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы