Астанада жолдағы жанжалдан кейін екі азамат 10 тәулікке қамалды
Сот қаулылары әзірге заңды күшіне енген жоқ.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ф. және Б. азаматтарына қатысты әкімшілік істер қаралды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 қыркүйекте жолдағы жағдайға байланысты екі азаматтың арасында жанжал туындаған. Олар бір-біріне балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысында құқық бұзушылар өз кінәсін мойындап, бұған дейін бір-бірін танымайтындарын айтқан. Олардың құқық бұзушылық жасағаны әкімшілік хаттамалармен, әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбамен және полиция қызметкерлерінің рапорттарымен расталды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген.
Сот жаза тағайындау кезінде азаматтардың кінәсін мойындағанын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде сот Ф. және Б. азаматтарын ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 10 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады.
Сот қаулылары әзірге заңды күшіне енген жоқ.