15 Қараша 2026, 17:17 Фото: ©ЖИ/BAQ.KZ

Астанада жолда қауіпті жағдай туғызған жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды

23 жастағы жүргізуші Қалдаяқов көшесінде жолақ ауыстыру кезінде ереже бұзып, өзге көліктерге қауіп төндірген.

Астанада Hyundai автокөлігін тізгіндеген 23 жастағы жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға Қалдаяқов көшесінде болған.  

Алдын ала мәлімет бойынша, елорда тұрғыны оң жақ жолақтан сол жаққа ауысу кезінде маневр жасау ережесін сақтамаған. Соның салдарынан өзге жүргізушілерге кедергі келтіріп, жолда апаттық жағдай туғызған.

Жүргізуші маневр жасау ережесін бұзғаны, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларды жылдамдықты немесе қозғалыс бағытын күрт өзгертуге мәжбүрлейтін апаттық жағдай туғызғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаменті.

Бұдан бөлек, құқық бұзушының көлігі арнайы айыптұраққа қойылды.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолақ ауыстырмас бұрын маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізуге және өзге қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірмеуге шақырды.