Астанада жолда атыс болып, полиция қызметкері жарақат алды

Әлеуметтік желіде Астанада болған қарулы оқиға туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшесінің қызметкері жарақат алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, полиция қызметкері автокөлік тізгінінде келе жатқан кезде жолға қарулы ер адам шыққан. Күдікті оған оқ атып, қызметкерді жауырын және мойын тұсынан жаралаған, кейін қарудың дүмімен соққы жасаған. Қорғану барысында жәбірленуші күдіктіні көлікпен қағып кеткені айтылған.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны өтіп бара жатқан автокөліктің жүргізушісіне аңшылық мылтықтан оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Жәбірленуші болған жағдай туралы “102” арнасына хабарлады. Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері жетіп, жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 21 жастағы күдікті ұсталды, – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары жәбірленушінің ішкі істер органдарының қызметкері екенін және оқиға кезінде еңбек демалысында болғанын растады.

Бұған дейін Алматы облысында Ұлттық ұланның әскери қызметшісі жарақат алған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан кадр
Өзгелердің жаңалығы