Астанада жол-көлік оқиғалары қай көшелерде жиі болады?
2026 жылдың басынан бері елордада жылдамдықты асыру бойынша 68 981 құқықбұзушылық тіркелген.
Бүгінде Астана қаласы бойынша жол қозғалысын бақылау мақсатында 6 147 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құрылғылар тек көлік ағынын бақылап қана қоймай, нақты құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жауап беріп, елордадағы жол қауіпсіздігіне қатысты ахуал туралы айтты.
Атылмыш камералар жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, қарсы бағытқа шығу, жолақ талаптарын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану фактілерін анықтайды.
2026 жылдың басынан бері елордада жылдамдықты асыру бойынша 68 981 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 68 979 жағдай камералар арқылы автоматты түрде анықталды. Бұл – цифрлық бақылау жүйесінің негізгі рөл атқарып отырғанын көрсетеді, - дейді ІІМ баспасөз қызметі.
Камера тіркеген құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл туралы хабарлама жүргізушілерге бірнеше арна арқылы жеткізіледі: SMS-хабарлама, «eGov» порталы және пошта арқылы тіркелген мекенжайына жолданады.
Заң бәріне бірдей қолданылады ма?
Бұл мәселеге қатысты ІІМ баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Жол қозғалысы ережелерін бұзған барлық жүргізушілер заң алдында тең. Бейнебақылау жүйелері құқықбұзушылықтарды адам факторынсыз тіркейді. Сондықтан кімнің көлігі екеніне қарамастан, барлық дерек автоматты түрде рәсімделеді. Жүргізуші айыппұлмен келіспеген жағдайда, 10 тәулік ішінде белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы, – деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.
Министрліктің айтуынша, шағым беру тәртібі де нақты регламенттелген. Жүргізуші құқықбұзушылықты тіркеген органға жеке барып, сот арқылы немесе «e-Өтініш» платформасы арқылы онлайн түрде өтініш жолдай алады.
Бұл ретте жүргізуші фото немесе бейнематериалдарды талап етіп, өз дәлелдерін ұсынуға құқылы.
Қайталап бұзғандарға қандай шара қолданылады?
Жылдамдықты бірнеше рет асырып, жол қауіпсіздігіне қауіп төндірген жүргізушілерге қатысты қосымша шаралар қарастырылған.
Олардың ішінде көлікті айып тұрағына қою, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, өрескел әрекеттер анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікті күшейту бар, - деп хабарлайды министрлік.
Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде бағаланып, қосымша жаза қолданылуы мүмкін.
Сандар не дейді?
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылы Астанада 2074 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 146 жағдай немесе 7%-ы жылдамдықты асыру салдарынан болған.
Мамандардың айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтар көбіне қаланың магистральды көшелерінде, айналма жолдарда және қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде жиі кездеседі. Жалпы, жүргізушілер арасында ең кең таралған бұзушылықтар – жылдамдықты арттыру мен жол белгілерін сақтамау.
Камера көбейіп, бақылау күшейеді
Алдағы уақытта елордада жол қауіпсіздігін арттыру үшін бейнебақылау камераларының саны кезең-кезеңімен көбейтіледі, жасанды интеллект элементтері бар жүйелер енгізіледі, құқықбұзушылықтарды автоматты талдау жүйелері жетілдіріледі.
Сонымен қатар, профилактикалық іс-шаралар жалғасып, жүргізушілермен түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, қауіпті учаскелерде қосымша жол белгілері орнатылып, инфрақұрылым жаңартылмақ, - дейді министрлік хабарламасында.
Жалпы алғанда, қазіргі жүйе жылдамдықты асыруды анықтауда адам факторын барынша азайтып, заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталғанын байқауға болады. Алайда жолдағы тәртіп тек бақылауға емес, әр жүргізушінің жауапкершілігіне де тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн.