Астанада жер сілкінгені рас па? – ТЖД жауабы
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті елордада жер сілкінісі мәселесіне қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
23.01.2024 жылы сағат 00-19 шамасында Астана қаласы ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасына елорда тұрғындарынан жер сілкінісі мәселелері бойынша 30-дан астам қоңырау түсті.
Өтініштер мен хабарламалардың келіп түскен мекенжайлары бойынша жедел-құтқару бөлімшелері жіберілді, олар келген кезде ғимараттар мен құрылыстарға көзбен шолып тексеру жүргізді және жер сілкінісі фактілері расталмады, зардап шеккендер тіркелмеді.
Астанада жер сілкінісі болған жоқ, бұл Алматыда болған жер сілкінісінің салдары болды, - делінген ведомствоның жауабында.
Қазіргі уақытта жедел штаб ашылып, жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, 24-51-47 және 24-51-71 телефондары бойынша жедел желі ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, әлеуметтік желіде астаналықтар еліміздің бас қаласында да Алматыдағы зілзаланың дүмпуі сезілгені туралы жазды.