Астанада жасылдар партиясы саяси кеңестің жаңа құрамын бекітті
Елордада Қазақстанның “Байтақ” жасылдар партиясы Астана қалалық филиалының IV конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конференцияға онлайн және офлайн түрде қоғамдық-саяси лидерлер, экология белсенділері, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
Партиямыз дамудың екінші кезеңіне өтті. Қазір барлық өңірде аудандық деңгейде партиямыздың бөлімшелерін ашып жатырмыз. Бастауыш партия ұйымдары құрылып жатыр. Астана қаласына келетін болсақ, Астана – еліміздің саяси орталығы. Мұнда партиямыз мықты жұмыс істеуі керек. Өйткені Астана қаласында экологиялық сұрақтар өте көп, - деді “Байтақ” жасылдар партиясы төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Мандат комиссиясының төрағасы Мұрат Ташибаевтың дерегінше, конференцияға 80 делегат шақырылды. Олардан 70 делегат конференцияға қатысты. Сондай-ақ жиынға қатысушылардың бестен бір бөлігі әйелдер, 30 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болды.
Күн тәртібі бойынша конференцияда “Байтақ” жасылдар партиясының Астана қаласы филиалының төрағасы, қалалық филиалдың Саяси кеңесі мен Бақылау ревизиялық комиссиясының жаңа құрамдары және атқарушы хатшысы сайланды.
Делегаттардың бір ауыздан қолдауымен “Байтақ” жасылдар партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарған Нариман Баубек Астана қаласы филиалының төрағалығына тағайындалды.
“Байтақ” мақсаттарын жүзеге асыру үшін партия құрылған сәттен бастап алғашқылардың қатарында мүшелікке кіріп, барынша белсенділік таныттым. Екі рет мәслихатқа кандидат ретінде ұсынылып, “Байтақ” жасылдар партиясының құндылықтарын қала деңгейінде насихаттадым. Ендігі басты мәселе – алда келе жатқан сайлауға дайындық. Бұл қадамдар партияны мәслихаттарда ғана емес, Мәжілісте де ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының әрбірінің өмірін жақсартуға бағытталған экологиялық, әлеуметтік саясатты белсендірек дамытуға жол ашады, - деді қала филиалының жаңа төрағасы.
“Байтақ” жасылдар партиясының Астана қалаcы бойынша жоспарларын өз сөзінде жаңа филиалдың атқарушы хатшысы Тоғжан Қайратқызы атап өтті.
Талдыкөл көлінің орнында экологиялық саябақ салу, Астана қаласында рекреациялық аймақтардың көбеюіне қол жеткізу, сондай-ақ қалалық кептелістерді азайту бағытында жұмыс істейміз. Сонымен бірге атмосфераға шығарындыларды төмендету, әсіресе елорда кәсіпорындарына заманауи сүзгілер орнатуды талап ету қажет болады. Мен ана, Астана тұрғыны, эколог және сіздердің атқарушы хатшыларыңыз ретінде балаларымыздың таза, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қалада өмір сүргенін қалаймын, - деді ол.
Астана қаласы филиалының саяси кеңесінің құрамына 15 кандидат қабылданды. Олардың ішінде Мәжілістің бұрынғы депутаты және блогер Тәңірберген Бердоңғар да бар.
Біздің мақсатымыз өте қарапайым. Партияның парламенттік деңгейдегі саяси күшке айналуына қол жеткізу, яғни осы партия құрамында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетін басқаратын парламент депутаттарының болуы. Олар экология саласындағы заңнаманы өзгертіп, экологтардың еліміздегі экологиялық жағдайға заң арқылы нақты ықпал ете алатын тиімді тетіктерінің пайда болуына жол ашуы керек, - деді “Байтақ” жасылдар партиясының Астана қаласы филиалы Саяси кеңесінің мүшесі.
Айта кетейік, конференцияда филиалдың 2025-2026 жылдарға арналған экологиялық саябақтар мен жасыл кеңістіктерді дамыту және бақылау, қауіпсіз әрі ыңғайлы спорттық инфрақұрылым құру, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру сияқты бірқатар бағыттары айқындалды.