Астанада жастарға арналған жаңа коворкинг-клуб ашылды

Оқу жылының басында жастар коворкингінде "Замандас" клубының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жастар коворкингі – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар үшін заманауи және жайлы тегін жұмыс кеңістігі.

Жаңа клубтың мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды, жасөспірімдер мен жастарды табысты әлеуметтендіру үшін жағдай жасау, қабілеттерін дамыту және шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық қасиеттерін іске асыру.

Бүгін бізде жастар мен жасөспірімдерге арналған коворкинг-орталықтың ашылуы өтіп жатыр. Жас ұрпақтың уақытты қалай өткізетініне назар аудару өте маңызды. Жасөспірімдердің өз кеңістігі жоқ, олар енді осында келіп, араласып, уақыт өткізіп, қолдау таба алады. Жастарға маңызды және дұрыс ақпаратты ұсынып, көмектесу керек. Мұндай жағдайларда жасөспірімдер пікірлес адамдарды тауып, бірге уақыт өткізетін тренингтер мен коворкинг-орталықтар қажет, – деді "Замандас21" ҚҚ директоры Ләззат Алшынова.

Коворкинг-орталықта ұйымдастырушылық, ресурстық, ақпараттық және білім беру қолдауы көрсетіледі.

Бүгінгі таңда коворкингте психологиялық тренингтер, кинотренингтер, мотивациялық сабақтар және коучинг-тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар, жалпы даму үшін қатысушылар шешендік өнермен айналысып, сөйлесу клубтарына қатыса алады. 15 жастан 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін психологтардың арнайы кеңестері өткізіледі. Бұдан басқа, болашақта біз қаржылық сауаттылық бойынша курстарды екі тілде, тілдік курстарды, көшбасшылық дағдыларды дамыту бойынша тренингтерді, сондай-ақ өзін-өзі тану және жеке қасиеттерін дамыту үшін көбірек іс-шараларды енгізгіміз келеді. Мұндай коворкингтер тек Астанада ғана емес, басқа өңірлерде де болғанын қалаймын. Біздің орталық жаңа достар табуға және қызықты бірлескен іс-шаралар құруға мүмкіндік береді. Жасөспірімдерге назар аударып, оларды дұрыс бағытқа бағыттау маңызды, – деді психолог Зарина Кенжекар.

Клубтың ашылуы аясында қатысушыларға тренинг өткізіліп, концерттік бағдарлама қойылды.

Мен коворкингке ойламаған жерден тап болдым және мұнда ораторлық, кәсіпкерлік және актерлік курстар бар екенін білдім. Осыдан кейін бұл жақтағы мүмкіндіктер туралы айту үшін анама жүгірдім. Қазір орталықтың белсенді қатысушысымын. Әрі достарымды жиі шақырамын, енді бәріміз бірге уақыт өткіземіз, оқимыз және дамимыз, – деді коворкинг орталығының белсенді қатысушысы Архат Жолдыбай.

Айта кетейік, елордада 4 жастар коворкинг-орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, келер жылы осындай тағы 7 нысан ашу жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы