Астанада жастардың цифрлық қауіпсіздігіне арналған киберквиз өтті
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Jarqyn Bolashaq» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің President Hall алаңында студенттер мен волонтерлер арасында киберқауіпсіздік пен цифрлық гигиенаға арналған «CYBER QUIZ: Цифрлық қауіпсіздігіңді тексер!» атты зияткерлік викторина өтті. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Jarqyn Bolashaq» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оны «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен қалалық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп өткізді.
Басты мақсат – жастар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және цифрлық кеңістікте қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар ойынға тәуелділіктің алдын алу мәселесіне де назар аударылды.
Квиз барысында қатысушылар цифрлық қауіпсіздік, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және қаржылық сауаттылық тақырыптарындағы сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады. Бірнеше кезеңнен тұрған викторина жастарға киберқауіптердің түрлерін танып, олардан қорғану жолдарын ойын форматында меңгеруге мүмкіндік берді.
«Мұндай форматты жастарға интернет-алаяқтық пен киберқауіпсіздік туралы түсіндіру, цифрлық гигиена ережелерін есте сақтап, күнделікті өмірде қолдануға үйрету мақсатында ұйымдастырдық. Квиз бірнеше кезең мен сұрақтардан тұрады. Олардың мазмұнына киберқауіпсіздіктің негізгі қағидалары енгізілген», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің басшысы Жұмахан Дәуіржан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай танымдық шаралар жастардың цифрлық ортадағы жауапкершілігін арттырып, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтану дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.