Астанада жасөспірім мас күйінде әпкесінің көлігін айдап кеткен
Астанада 17 жастағы жасөспірім мас күйінде жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағаны үшін ұсталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал ата-анасы мен көлік иесіне де жаза тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елорданың Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға "Назар аударыңыз – балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында болған.
Анықталғандай, жасөспірім көлікті әпкесінен алып, алкогольдік ішімдік ішкен күйде тізгіндеген.
Кәмелетке толмаған азамат көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, оның заңды өкіліне де жаза тағайындалды – жасөспірімнің алкоголь ішуіне жол бергені, түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүргені және ата-аналық міндетін орындамағаны үшін.
Сонымен қатар, көлік иесі де әкімшілік жауапқа тартылды. Ол көлікті жүргізуші куәлігінсіз адамға басқаруға берген.
Астана қаласының Полиция департаменті ата-аналарға балалардың қайда жүргенін, әсіресе түнгі уақытта, қадағалап отырудың маңыздылығын ескертеді. Мұндай құқықбұзушылықтар жасөспірімдердің өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, айналасындағыларға да үлкен қауіп төндіреді, – делінген хабарламада.