Астанада жасөспірім бес жастағы баланы пышақтап тастады
Әлеуметтік желіде елордадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт ішінде белгісіз жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы бейнеролик тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл деректі Астана қалалық полиция департаменті растады.
Оқиғаны тергеу барысында психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірім анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды. Олар тәлім-тәрбие беру міндеттемелерін дұрыс орындамағаны үшін заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, - деп атап өтті ведомстводан.
Департамент таратқан мәліметке сүйенсек, зардап шеккен бес жастағы бала ауруханаға жатқызылып, ота жасалды.
Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде жасөспірімнің пышақпен шабуыл жасауы салдарынан бетінің жұмсақ тінінде көптеген тілік жарақатын алған 5 жастағы бала №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімшесіне жатқызылды. Бала тексеріліп, ота жасалды. Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Бұл пышақ жарақатын алумен байланысты. Отадан кейінгі баланың жағдайы жақсы, - деді Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы.