Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтеді
Астанадағы ЕХРО халықаралық көрме орталығында Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл кеңес – Қазақстанның цифрлық технологиялар, ғылыми зерттеулер және инновациялар саласында Орталық Азиядағы жетекші ойыншыға айналу жолындағы маңызды қадамдарының бірі.
Кеңеске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Ал кеңес тізгінін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ұстап, модераторлық етеді. Дөңгелек үстелге қатысушылар қатарында Премьер-министр Олжас Бектенов, Президенті әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, сонымен қоса салалық министрліктің министрлері бар.
Күн тәртібінде "Адами капитал және білім беру саласындағы жасанды интеллект" тақырыбы қаралады.
Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес – саладағы мемлекеттік саясатты үйлестіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейтін консультативтік-кеңесші орган. Оның жұмысы мамандардың біліктілігін арттыруға, қажетті инфрақұрылымды дамытуға және инновацияларды қолдауға бағытталады.
Кеңестің жұмысына жетекші халықаралық сарапшылар, ғалымдар, технологиялық көшбасшылар және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысады.
Кеңес отырысы басталмас бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы инновациялық стартаптар ұсынылған Digital Bridge Kazakhstan 2025 көрмесін аралайды. Мемлекет басшысы олардың жобаларымен танысады.
Күн тәртібіндегі басты тақырыптар:
- адами капиталды дамыту;
- білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану;
- ЖИ-ді мамандар даярлаудағы және экономиканың түрлі салаларына енгізудегі рөлі.
Отырыс Қазақстандағы ЖИ технологияларын дамытудың жаңа кезеңін ашып, елдің инновациялық даму стратегиясында маңызды орын алады деп күтілуде.
Іс-шараның тәртібі мен қауіпсіздігін мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері, полиция және өзге де тиісті органдар қамтамасыз етуде. Аумақ қатаң бақылауға алынған, ал жиынға кіру бірнеше деңгейлі тексеріс арқылы жүзеге асырылды.
Журналистер залға жайғасып, жиынның басталуын күтуде. Отырыс Астана уақытымен 10:00-де басталады деп жоспарланған.