Астанада жас шаштараз шеберлері бақ сынады

Жұмысшы мамандар жылы аясында елордада жас шаштараз шеберлері сынға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялаған еді. Бұл жастар арасындағы кәсіби бәсекелестікті арттыруға серпін беріп отыр. Соның жарқын мысалы - Астанада өтіп жатқан «Үздік – 2025» жобасы. Жоба осыған дейін басқа саладағы үздіктерді анықтаған. Бүгін бұл жобаның кезекті сайысы «Менеджмент, бизнес және білім» колледжінде өтті.

Байқауды Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Ұйымдастырушы «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Дәуіржан Жұмаханның сөзінше мұндай байқаулар жиі ұйымдастырылады және осы салада жастарға барынша қолдау білдіреді.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отырған бұл бірінші шарамыз емес. Биыл қарапайым «үздік шаштараз», «үздік автобус жүргізушісі», «үздік жүк көлік жүргізушісі» сынды бағыттарды қостық. Мұндай байқаулар қоғамда расымен көп көңіл бөле бермейтін, бірақ еңбегі зор мамандық иелеріне қолдау болып табылады,-дейді ол.

Сайысқа қатысушылар қазіргі трендтегі «каскад» деп аталатын шаш үлгісін қырқу арқылы сынға түсті. Бірі техникалық әдісі жағынан, енді бірі жылдамдығымен көзге түсіп жатты. Қазылар алқасы жұмысты бірнеше критерийлер бойынша бағалады.

Мұндай байқаулар мамандықта білім алушы студенттердің оқуын тастап кетпеуі үшін қажет деп ойлаймын. Бүгін әдістеріне, жылдамдықтарына қарап 10-15 балл аралығында баға береміз. Әрине, қатты сынамауға тырыстық,-дейді әділ қазылар алқасының мүшесі Жарқын Әбдірахманов.

Шаштаразшы болу - тек шаш қию ғана емес, адамның өзін-өзі қабылдауына,  сыртқы болмысына ықпал ететін шығармашыл адам болуы. Биылғы жылдың дәл осылай жариялануының өзі шаштараздар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашты. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бұл мамандықты жаңашыл форматта оқыту, практикалық базаны күшейту, жас мамандарға қолдау көрсету секілді бастамалар осы саладағылардың әрбірін шыңдап, кәсібилігін арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Колледждің тәжірибе ісі жөніндегі директор орынбасары Шырайлым Сағынбаева да осы мақсатта байқаудан бөлек, білім алушылар түрлі кәсіпорындардан іс-тәжірибеден өтетітін айтады.

«Шаштараз өнері» мамандығы бойынша 66 студент білім алады. Бұл байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Білім беру бағдарламасы заманауи сән үйлерінің, кәсіпорындардың талаптарына сай қаламыздағы көптеген сән үйлерімен келісімшарт негізінде тәжірибелерін арттырып отырады,-деді ол

Байқау қатысушылары үшін бұл күн тек сайыс емес, үлкен тәжірибе алаңы болды. Себебі мамандықтың қыр-сырын енді ғана ұғынып келе жатқан білім алушылар кәсіби мамандардан кеңес алып, білімін әрі қарай шыңдады. Сайыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушы жалпы жобаны қорытындылау кешінде анықталып, марапатталатын болады дейді ұйымдастырушылар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы