Астанада "жаппай төбелес" болды ма? – полиция түсініктеме берді
Елордада ескі вокзал маңындағы жаппай төбелес туралы ақпарат жұртты дүрліктірді. Полиция бұл мәліметке қатысты ресми түсініктеме берді.
Өткен демалыс күндері елорда тұрғындарын ескі вокзал маңында болған делінген «пацандық разборкалар» туралы хабарламалар алаңдатты.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, «Арман» дүкені маңында белгісіз топтар өтіп бара жатқан адамдарды тоқтатып, қай ауданнан екенін сұрап, «дұрыс жауап бермегендерді» соққыға жыққан. Сондай-ақ, қақтығысқа қатысушылар Лесозавод пен Чугунка шағын аудандарынан келген болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Желіде тараған ескертулерде олардың қолында кастет, бит, пневматикалық қару немесе пышақ болуы мүмкін екені айтылып, тұрғындарға аталған аумақтардан, әсіресе кешкі уақытта аулақ болу ұсынылған.
Кейбір қала тұрғындары мұндай жағдайлардың болғанын да растаған.
Алайда Астана қалалық Полиция департаменті бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Тек бір ғана оқиға тіркелген – тұрғын үй ауласында жастар арасында жанжал туындаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қатысы бар тұлғалар анықталып, Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомство.
Полиция өкілдері қаладағы жедел жағдай тұрақты екенін және толық бақылауда екенін атап өтті.
Сонымен қатар демалыс күндері аталған аудандарда және жақын маңдағы жолдарда патрульдік полицияның күшейтілгені байқалған. Алайда бұл шаралардың нақты осы оқиғаға қатысы бар-жоғы нақтыланбады.