Астанада жаңбыр суымен күресудің "үнемді" тәсілі белгілі болды
Астанада коммуналдық қызметкер киіміндегі адам жаңбыр суын күрекпен қоқыс шелегіне құйған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада жауыннан кейін көшеде пайда болған жаңбыр суын тазалаудың ерекше әдісі жұртты таңғалдырды. Коммуналдық қызметкер киіміндегі әйел көшедегі жаңбырдан кейін жиналған суды күрекпен қоқыс контейнеріне құйып жатқан сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алған. Сондай-ақ ол жалаңаяқ тұрған.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видео тез таралып, қызу пікірталас тудырды.
Оқиға елорданың сол жағалауында болған. Жалаңаяқ тұрған адам жаңбыр суын қоқыс шелегіне қалақпен құйып жатқаны анық көрінеді. Бұл әрекеттің қисынсыз көрінетініне қарамастан, коммуналдық қызметкер жұмысын еш қиналмастан жалғастыра берген.
Желі қолданушылары бұл жағдайға ирониямен қарап, "Технология", "Инновациялар арқылы – жарқын болашаққа", "Мұндайды тек Астанада ғана көруге болады" деген сарказммен пікір қалдырған. Кейбірі бұл көріністі "қалалық мәселелерді шешудің үнемді тәсілі" деп бағалады.
Ресми органдар әзірге оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Астанада кептелістен "қашқан" жүргізуші тың әдіс ойлап тапқанын жазған болатынбыз.