Астанада жаңа өрт депосы ашылды
Астананың қарқынды дамып келе жатқан Үркер елді мекенінде жаңа өрт депосы пайдалануға берілді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, бұған дейін ең жақын өрт бөлімі елді мекеннен 15 шақырым қашықтықта орналасқан болатын. Енді жаңа нысан 36 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдай орындарында жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жаңа өрт бөлімі заманауи техникамен жабдықталған. Мұнда автоцистерналар, жедел әрекет ету көліктері және қажетті инфрақұрылым бар. Сондай-ақ қызметкерлерге қолайлы жұмыс жағдайы жасалған.
Азаматтық қорғау жүйесін одан әрі күшейте береміз. Өткен жылы екі өрт депосы ашылды, соңғы екі жылда елордалық ТЖД автопаркі 40-тан астам техникамен толықты. Қазіргі таңда тағы үш өрт бөлімінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, – деді Жеңіс Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, төтенше жағдай қызметкерлерін әлеуметтік қолдау да жалғасып келеді. Өткен жылы оларға 50 пәтер берілсе, биыл тағы 15 қызметкер баспаналы болған.