Астанада зейнеткерлер үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істеп тұр
Астана қаласында зейнеткерлер үшін "Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары" толыққанды жұмыс істеп тұр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, бүгінде елорданың барлық ауданында 6 орталық жұмыс істейді. Онда 20-ға жуық түрлі бағыттағы үйірмелер мен секциялар ашылған. Қариялар жаттығу залдарын, компьютерлік сыныптарды пайдалана алады, вокал мен шығармашылықпен айналысады, қазақ және ағылшын тілдерін үйренеді.
Сонымен қатар, «Атадан балаға аманат», «Зияткерлік ойындар», «Күміс дәрежелі ерікті», «Хор, вокал», «Бау-бақша» сияқты қызығушылық клубтары да жұмыс істейді. Нұра ауданында алдын алу массажына арналған арнайы кабинеттер ашылған.
Жеңіс Қасымбек бұл орталықтар зейнеткерлердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамға белсенді қатысуына, жаңа достар табуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Барлық қызмет түрі – тегін.
Қарттар күні қарсаңында аға буын өкілдерін шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді қала әкімі.