Кеше 2026, 12:30
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Астанада зейнеткерді 6 миллион теңгеге алдаған Ұлттық банк "қызметкері" ұсталды
Жәбірленуші 6 миллион теңгені такси курьеріне табыстаған.
Астанада зейнеткерге қатысты алаяқтық жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада телефон арқылы жасалған алаяқтық дерегі тіркелді. Қылмыстың құрбаны 78 жастағы қала тұрғыны болды.
Анықталғандай, белгісіз ер адам зейнеткерге бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Алаяқ күмәнді қаржылық операциялар анықталғанын айтып, ақшаны «сақтау» үшін беру қажет екеніне сендірген.
Алаяқтың нұсқауын орындаған жәбірленуші 6 миллион теңгені такси курьеріне табыстаған. Кейін курьер қаражатты белгісіз тұлғаға берген.
Біраз уақыттан кейін әйел адам алданғанын түсініп, полицияға жүгінген. «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері күдікті 33 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталуда.
Еске салайық, бұған дейін Астанада адамдарды тонаған үш студент ұсталған болатын.