13 Қараша 2026, 22:53 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада заңсыз салынған нысан сот шешімімен бұзылатын болды

Жыл басынан бері басқарма 497 жоспардан тыс тексеру өткізіп, заңбұзушылықтарды жою туралы 243 нұсқама берген.

Астанада сәулет, қала құрылысы және құрылыс талаптарын сақтамастан салынған тұрғын емес нысан бұзылады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Қалалық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданған. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда талап орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу жөнінде сотқа талап-арыз жолдаған.

Сот шешімінен кейін оны орындау жұмыстары басталды. Қазір басқарма Әділет департаментімен бірлесіп, заңсыз нысанды бұзу шараларын жүргізіп жатыр.

Жыл басынан бері басқарма 497 жоспардан тыс тексеру өткізіп, заңбұзушылықтарды жою туралы 243 нұсқама берген. Сонымен қатар жалпы сомасы 343 миллион теңгеден асатын 860 әкімшілік айыппұл салынған.

Әкімдік өкілдері құрылыс саласында белгіленген талаптарды сақтау қажеттігін ескертіп, заңсыз құрылыс жүргізгендер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.