29 Қараша 2026, 18:53 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада зағип азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасалды

Көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға бюллетеньді өз бетінше толтыру үшін арнайы трафареттер ұсынылады.

Астанада мәслихат депутаттарын сайлау кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалды. Бүгін елордадағы сайлау учаскелеріне көру қабілеті бұзылған азаматтар да келіп, өз таңдауын жасады.

Астана әкімдігінің мәліметінше, қаладағы сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар және жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған. Атап айтқанда, учаскелер пандустармен, тактильді көрсеткіштермен және мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдарға бейімделген арнайы кабиналармен жабдықталған.

Көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға бюллетеньді толтыру үшін арнайы трафареттер ұсынылады. Ал есту қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаудармашылар қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ сайлау учаскелерінде азаматтарға қажетті көмек көрсету үшін еріктілер кезекшілік етеді. Ал дауыс беру орнына өздігінен жете алмайтын тұрғындар үшін инватакси қызметі ұйымдастырылған.

Айта кетейік, елордадағы 446 сайлау учаскесінде барлық азаматтың сайлау құқығын тең жағдайда жүзеге асыруына қажетті жағдай жасалған.