Астанада Юнус Эмренің ескерткіші ашылды

Астанадағы Ататүрік саябағында түркі әлемінің қалыптасуына еңбек сіңірген тарихи тұлға Юнус Эмренің ескерткішінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, салтанатты шараға Түркия елшілігі, елорданың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Аталған іс-шараны ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық түркі академиясының президенті, танымал түрколог , академик Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзімен ашты.

Біріншіден, баршаңызды Қазақстан Республикасының дербестігі туралы деклорациясы жарияланған ұлық мерекемен құттықтаймын! Сонымен қатар Түркия Республикасының 100 жылдығы құтты болсын! Осы 100 жылдық мерекенің қарсаңында біздің руханиятымыздың архитекторларынан саналатын Қожа Ахмет Яссауидың жолын батыста жалғаған, түркі тілінің өрісін кеңейткен Юнус Эмренің ескерткішінің елордада ашылуы өте мағыналы деп білеміз. Бұл ескерткіштің эскизі жасалып жатқанда көрген едік. Тура мерекенің қарсаңында ашылып отыр. Баршаңызға құтты болсын! Осы іс-шараға ұйытқы болғандарға мың алғыс. Түркия мен Қазақстанның достығы жасай берсін, – деді Дархан Қыдырәлі.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына арнайы қатысқан Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу да осындай тарихи сәтте жүрекжарды тілегін айтты.

Түркияның 100 жылдығы аясында Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы арқасында ескерткіш орнатылып отырғанын мақтан тұтамыз және алғыс айтамыз. Түркияда да қазақтың ұлы ойшылы Абайдан бастап өзге де дарынды тұлғаларына арналған саябақтар, ескерткіштер бар. Бұл іс- шара - екі елдің тарихының ортақ екенін еске салатын шара деп ойлаймын. 13-14 ғасырда Анадолыда өмір сүрген осы түркі әлемінің ойшылы, философы, сопылық ілімін жалғастырушы Юнус Эмре адамның жаратқаннан жаратылғанға сүйіспеншілікпен қарауына ден қойған. Оның адамзатқа сүйіспеншілікпен қарау, сыйластықпен қарау жайлы принциптерін өскелең ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз болып саналады, - деді Мұстафа Капуджу.

Бұдан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі , Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, сондай-ақ Байқоңыр ауданы әкімі Талғат Рахманберді Юнус Эмреге арналған ескерткішті ашты.

Тарихи сәттен соң елшілік пен елорда әкімшілігі атынан гүл шоқтары ескерткішке қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы