Астанада вандализм күшейді: 20 адам жауапқа тартылып, 13-і қамалды
Елордада мүлік бүлдіргендерге 1,3 млн теңге айыппұл салынды.
Астанада жыл басынан бері вандализм фактілері бойынша 20 адам әкімшілік жауапқа тартылды. 13 адам қамалып, 1,3 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала прокуратурасының үйлестіруімен полиция органдары және жергілікті атқарушы органдарымен бірге вандализмге қарсы күресу бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
2026 жылдың басынан бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 20 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оның ішінде 13 адам қамаққа алынды, 7 адамға жалпы сомасы 1,3 млн теңге айыппұл салынды, - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасы.
Мысалы, астаналық тұрғын ағымдағы жылдың 14 ақпанында бала арбасын қасақана зақымдағаны үшін сотпен 20 тәулікке қамаққа алынып, ол өз әрекетімен 30 мың теңгеге шығын келтірді.
Басқа жағдайда 44 жастағы ер адам мас күйінде кафе есігінің әйнегін сындырған. Ол 5 тәулікке қамаққа алынды. Ұқсас жағдай 11 қаңтарда астаналық 21 жастағы азаматша «Toyota» автокөлігінің алдыңғы есігін қасақана зақымдаған. Оған 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық және айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай заңсыз әрекеттері үшін 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаға тартылатынын ескертеді.