5 Қазан 2026, 23:55 Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Ұстаздар күніне арналған мерекелік концерт өтті

Концерттің негізгі идеясы ұстаз еңбегінің маңызын көрсетуге арналды.

Астанадағы Президенттік орталықта Ұстаздар күніне орай «Ұстаздықтың ұлы жолы» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген 1500-ге жуық педагог, білім беру саласының ардагерлері, тәлімгерлер мен жас мамандар қатысты.

Салтанатты кеште Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болған үздік педагогтерге құрмет көрсетіліп, білім беру саласының қызметкерлеріне мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.

Іс-шараны Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың құттықтау сөзі ашты. Елордалық педагогтерге де марапаттар табысталды. Астана әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар мұғалімге наградаларын тапсырды.

«Астана қаласының құрметті педагогы» медаліне №73 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алима Бөлебаева ие болды. Оның жалпы еңбек өтілі – 34 жыл.

Мерекелік кештің концерттік бағдарламасында қазақстандық өнер жұлдыздары мен елордалық шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Сахнаға Светлана Айтбаева, Дастан Оразбеков, AMRE, Сәкен Майғазиев, Бауыржан Исаев, Astana Musical театрының әртістері және жас орындаушылар шықты.

Педагогтерге арнайы сыйлық ретінде Светлана Айтбаеваның «Ұстаздарға» әнінің премьерасы ұсынылды. Сондай-ақ Сәкен Майғазиев №66 мектеп-лицейінің балалар хорымен бірге «Ұстазым» композициясын орындады.

Концерттің негізгі идеясы ұстаз еңбегінің маңызын көрсетуге арналды. Музыка, хореография және театрландырылған қойылымдар арқылы педагогтің шәкірт тәрбиесіндегі рөлі, ұрпақтар сабақтастығы мен білім берудің қоғамдағы орны көрініс тапты.

Мерекелік кеш өмірін білім мен жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздарға құрмет көрсетуге арналды.