Астанада үш күн бойы полиция рейд жүргізеді
20-22 қараша аралығында елордада көшелер мен қоғамдық орындарда патрульдеу күшейтіледі.
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаменті мәлімдеді.
Іс-шара 2026 жылғы 20-22 қараша аралығында өтеді.
Үш күн бойы елордалық полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтау жұмысын күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуге ерекше назар аударады.
Атап айтқанда, көшелер мен қоғамдық орындарда патрульдеу күшейтіледі. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін заңсыз әрекеттерге басымдық беріледі.
Сонымен қатар қылмыстарды ашу, іздеуде жүрген адамдарды анықтау, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды әшкерелеу және жолын кесу бойынша шаралар қабылданады.
Полиция тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға үлес қосуға шақырды.
Қандай да бір құқық бұзушылық немесе күдік тудыратын жағдай байқалған жағдайда, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет, – деп толықтырды құқық қорғау органдары.