Астанада үш бала қаза тапқан өрт: Құтқарушыларға қақпа мен көліктер кедергі келтірген
ТЖД өрттің нақты себебін анықтау үшін сараптама тағайындап, тергеу бастады.
Астанада үш бала қаза тапқан тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде төтенше қызметтердің жұмысына кедергі келтірген бірқатар жайттар болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ТЖД таратқан мәліметке сәйкес, өрт 12 сәуірге қараған түні Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан үйдің 15-қабатындағы пәтерден шыққан. Оқиға орнына жеткен бөлімшелер пәтердің бүкіл аумағын ашық жалын шарпығанын анықтаған. Есік екі құлпы бар темір конструкциямен жабылып, арнайы құралдардың көмегімен ашылған.
Өртті сөндіру барысында пәтерден бір әйел құтқарылып, күйік жарақатымен дәрігерлерге тапсырылды. Ішінен кәмелетке толмаған үш баланың денесі табылды. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шығып кеткен.
Астана қалалық ТЖД бастығының орынбасары Омиржан Тукушев өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылғанын, ал лифтілер автоматты түрде бірінші қабатқа түскенін айтты.
Сонымен бірге оның сөзінше, арнайы техниканың келуіне де қиындық туған: аулаға кіреберіс темір қақпамен жабық болған, ал аумақ көліктерге толып тұрған.
Бұған дейін полиция департаменті балалардың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді. Қазір тергеу-жедел шаралары жүргізіліп жатыр.
ТЖД өрттің нақты себебін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу басталғанын, тиісті сараптама тағайындалғанын нақтылады.
Оқиға куәгерлері де тұрғын үй кешеніндегі тұрақты ұйымдастыру мен қауіпсіздік жүйелерінің жұмысына қатысты мәселелер бар екенін айтқан.
Күрделі жағдайға қарамастан, құтқарушылар өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол бермеді.