Астанада "Үркер – 2025" ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды
Астана қаласында баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы үздіктерді анықтайтын "Үркер – 2025" ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш сыйлық еліміздің ақпарат кеңістігінде кәсіби шеберлік пен шығармашылық табысты дәріптеуге бағытталған.
Биыл байқауға 400-ден астам өтініш келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен шорт-листке 44 үміткер іріктелді. Үміткерлер 11 номинация бойынша сынға түсті. Олардың қатарында «Жылдың үздік журналисі», «Үздік репортаж», «Үздік жаңалықтар сайты» және басқа да аталымдар бар.
Жеңімпаздарға арнайы «Үркер» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды.
Сонымен қатар биылғы жылы арнайы марапаттар да берілді. Атап айтқанда, «Казахстанская правда» республикалық газеті мен Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі 105 жылдық мерейтойларына орай марапатталды. Ал Zakon.kz интернет-басылымы «Жұмысшы мамандықтары жылы» тақырыбына арналған арнайы аталымды иеленді.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері «Үркер» ұлттық сыйлығына 4200-ден астам жұмыс ұсынылып, оның 440-ы шорт-листке енген. Осы уақыт ішінде 133 отандық журналист пен бұқаралық ақпарат құралы «Үркер» мүсіншесінің иегері атанды.