Астанада ҰҚШҰ саммиті басталды

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ саммиті басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы, сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді.

Іс-шараларға ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысады.

Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай бойынша пікір алмасу, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық нәтижелерін және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылау көзделіп отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын бірлесіп мерекелеуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Қырғыз Республикасы 2025 жылы Ұйымға төрағалық етудің басымдықтары туралы ақпарат береді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ саммит қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.

Еске сала кетсек, бүгін Тәжікстан президенті Астанаға ұшып келді

28 қарашада Қырғыз Президенті Садыр Жапаров Астанада өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысуға келген болатын. 

Бұған дейін елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайынан күтіп алғанын хабарладық.

Сонымен бірге Беларусь президенті Александр Лукашенко да Астанаға 28 қарашада келді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорда
Өзгелердің жаңалығы