Бүгiн 2026, 19:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астанада дүкендегі ұнның бәрі бірдей пайдалы емес болып шықты

Астанада ұн құрамынан талапқа сай келмейтін темір мен мырыш мөлшері анықталды.

Қазақстанда жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын міндетті түрде витаминдер мен минералдармен байыту талабы қолданылады. Алайда жүргізілген зерттеулер кейбір өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиеваның айтуынша, фортификацияланған немесе байытылған ұн – құрамына арнайы витамин-минералды премикс қосылған өнім. Оның құрамында темір, мырыш, фолий қышқылы және В тобының дәрумендері болады. Мұндай шара халық арасында микроэлементтер тапшылығының, әсіресе анемияның алдын алуға бағытталған.

Қазақстан заңнамасына сәйкес ел аумағында өндірілетін және сатылатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны міндетті түрде фортификациялануы тиіс. Бұл талап отандық өндірушілерге де, импорттаушыларға да бірдей қолданылады,- дейді ол.

2026 жылдың басынан бері Астанада Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында 14 ұн үлгісі зерттелген. Оның ішінде екі сынама отандық өндірістен, ал 12 сынама ЕАЭО елдерінен әкелінген өнімдер болған.

Зерттеу нәтижесінде екі үлгінің құрамындағы темір мен мырыш мөлшері белгіленген нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды,- дейді маман.

Ал 2025 жылы бақылау сатып алу шеңберінде Астана қаласында 41 ұн үлгісі зерттелген. Оның алтауы Қазақстанда өндірілсе, 35-і ЕАЭО мемлекеттерінен жеткізілген. Тексеру барысында алты сынама физика-химиялық көрсеткіштер бойынша талаптарға сай болмаған.

Мамандар тұтынушыларға ұн өнімдерін сатып алу кезінде қаптамадағы таңбалауға назар аударуға кеңес береді. Фортификацияланған ұнда өнімнің байытылғаны және қолданылған премикс құрамы міндетті түрде көрсетілуі тиіс.