Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы медиа және ақпарат мәселелерін талқылап жатыр
Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының VIII отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиынның ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов қатысушыларды қарсы алып, жылы лебізін білдірді.
Бүгінгі кездесу мемлекеттеріміздің ақпарат саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуға және медиа саласында тың жобаларды бірге талқылауға үлкен мүмкіндік береді. Ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен рухани мұрамызды тоғыстырған қасиетті қазақ жеріне қош келдіңіздер, – деді ол.
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Медиа контент даярлау орталығының директоры Қобулжон Ахмедов, Түркия Республикасы Президентінің коммуникациялар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ферхат Пиринччи, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары Салқын Сарногоева және Әзербайжан Республикасының БАҚ және хабар тарату жөніндегі кеңесінің халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Расим Багиров қатысты.
Медиа және ақпарат саласындағы уәкілетті органдар басшыларының VIII отырысы жыл сайын медиа қауымдастық өкілдері мен түрлі сала сарапшыларын біріктіретін Astana Media Week халықаралық медиафорумының мерейтойлық бағдарламасы аясында өтіп жатыр.