Астанада Түркі әлеміндегі экономикалық байланыс жөнінде семинар өтіп жатыр

Астана қаласында Түркі академиясы Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығымен бірлесіп ұйымдастырған «Түркі әлеміндегі экономикалық байланыс және интеграция» тақырыбындағы сарапшылар отырысы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Екі күнге жоспарланған алқалы басқосу бауырлас мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсу жолдарын қарастыруға арналады. Жиын барысында қатысушылар ТМҰ-ға мүше елдер арасындағы экономикалық әріптестіктің әлеуеті туралы пікір алмасып, Түркі әлемі экономикалық саясатын зерттеу орталықтарының ортақ желісін құру мүмкіндігін талқылайды. 

Сонымен қатар, бауырлас елдердің сарапшылары ТМҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемі – 2040» стратегиясын жүзеге асыру мүмкіндіктері бойынша да ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салады.

Атап айтқанда, «Ұлттық дамудың басымдықтары және Түркі елдерінің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету мақсаттары» атты бірінші секцияда сарапшылар қолданыстағы ұлттық стратегиялық құжаттарға сүйене отырып, алдағы бес жылдағы даму басымдықтарын таныстырады.

Ал «Экономикалық саясат жөніндегі түркі зерттеу орталықтарының ынтымақтастығы» атты келесі секция аясында қатысушылар туысқан елдердің сарапшылары арасында ынтымақтастық орнату жолдарын қарастырады, сонымен қатар экономикалық зерттеулер институттары желісін құру туралы уағдаласады деп жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркі академиясы
Өзгелердің жаңалығы