Астанада тұрғынды гипноздап, ақшасын алып кеткен әйел ұсталды
Полицияға әйел адам арызбен жүгініп, гипнозбен ақшасын алып қойғанын айтқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданының полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқ әйел анықталды. Ол Өзбекстан Республикасының 26 жастағы азаматшасы болып шықты және оның жүктіліктің жетінші айында екені белгілі болды.
Алданған әйел күндіз Тұран даңғылының бойымен бейтаныс әйел келіп, онымен сөйлесе бастағанын айтты. Көз тиген деген сылтаумен ол тазартуды ұсынған. Содан кейін тазару жорасын жүргізген болып, алаяқтық жолмен 105 мың теңге көлемінде ақша сомасын иемденген.
Біраз уақыттан кейін “мейірімді” әйелдің алаяқ екенін түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген. Алаяқтық фактісіне қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қаскүнемге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - делінген ақпаратта.
Оның қазіргі уақытта елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.