10 Қараша 2026, 10:25

Астанада тұрғындар көзі байлаулы күйде кешкі ас ішіп, зағип жандардың өмірін сезініп көреді

11 қарашада елордада Дүниежүзілік зағиптар күніне орай «Қараңғыдағы кешкі ас» атты ерекше қайырымдылық кеші өтеді. Қонақтар арнайы жабдықталған қараңғы кеңістікте ас ішіп, көру қабілетінсіз өмір сүрудің қандай екенін сезіне алады.

Астанада «SEZIN» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Қараңғыдағы кешкі ас» («Ужин в темноте») атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылады.

Шара Дүниежүзілік зағиптар күніне орайластырылған. Оның басты мақсаты – қоғам назарын көру қабілеті бұзылған жандардың өміріне, күнделікті кездесетін қиындықтарына және олар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру мәселесіне аудару.

Кештің негізгі ұраны – «Жарық сыйла – жүрекке жол аш!». Ұйымдастырушылар бұл бастама арқылы қоғамда мейірімділік, жанашырлық пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеп, адамдарды әлемді тек көзбен емес, жүрекпен сезінуге шақырады.

Іс-шараның ерекшелігі – қонақтар арнайы дайындалған қараңғы кеңістікте кешкі ас ішеді. Осылайша олар бір сәтке көру қабілетінсіз өмір сүру тәжірибесінен өтіп, қоршаған ортаны есту, иіс сезу және сипап сезу арқылы тануға мүмкіндік алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибе ерекше қажеттіліктері бар адамдардың күнделікті өмірін тереңірек түсінуге, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге және баршаға тең мүмкіндік жасау идеясын насихаттауға бағытталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде шамамен 2,2 миллиард адамның көру қабілеті бұзылған. Ал Қазақстанда мұндай жандардың саны 70 мыңнан асады.

Кеш бағдарламасында «Қараңғыдағы кешкі ас», әсерлі театрландырылған қойылым және қонақтарға арналған рухани-танымдық бағдарлама ұсынылады.

Іс-шара туралы:

  • Күні: 2026 жылғы 11 қараша;
  • Уақыты: 19:00;
  • Өтетін орны: Астана қаласы, Ермек Серкебаев көшесі, 11-ғимарат, «Гаухартас» мейрамханасы.

Қайырымдылық кешін «Мирас-А» қайырымдылық қоры мен «Көзімнің қарасы» Қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады.