Астанада түнгі қар күреу жұмысына 370-тен астам арнайы техника шықты
Елордадағы коммуналдық қызметтер қарлы ауа райына байланысты тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
16 қараша күні күндіз қала көшелерінен 4 512 текше метр қар арнайы полигондарға жеткізілді. Бұл жұмыс үшін 353 рейс жасалған.
Түнгі уақытта көшелер мен тротуарларды қар мен мұздан тазартуға 219 жол жұмысшысы және 374 арнайы техника жұмылдырылды. Коммуналдық қызметтер жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін көшелер мен тротуарларды техникалық тұзбен өңдеуді жалғастыруда.
Қыс басталғалы бері Астанадан 293 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бұл – 23 566 ауыр жүк көлігінің рейсіне тең көлем.
Қар тазарту жұмыстары алдымен негізгі магистральдарда, қоғамдық көлік бағыттарында жүргізіледі. Кейіннен аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар рет-ретімен тазаланады.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына ауа райының қолайсыз кезінде сақтық шараларын сақтап, мүмкіндігінше ұзақ сапардан бас тартуды ескертеді.