Астанада түнгі автобустар тоқтатылады
City Transportation Systems компаниясы әлеуметтік желідегі парақшасында тиісті хабарлама жасады, деп жазады BAQ.KZ.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Оқу маусымының басталуымен жолаушылар санының артуына байланысты, сондай-ақ, қалалық бағдарларда түнгі автобустарды пайдалану тиімдірек болатынын ескере келе, түнгі маусымдық бағдарлар қозғалысын 14 қыркүйек сенбіден 15 қыркүйек жексенбіге қараған түні тоқтату шешімі қабылданды, - делінген компания хабарламасында.
Айта кетсек, №№ 201, 202 және 203 түнгі бағдарлары іске қосылған күннен бастап 21 116 жолаушы тасымалдады. №201 бағдармен 10 534 жолаушы, № 202 бағдар – 5 061 адам және № 203 бағдарда 5 521 жолаушы жүрді. Салыстырар болсақ, осы кезеңде бір қалалық бағдармен орташа есеппен 500 мыңға жуық жолаушы жүрді, бұл түнгі бағдарларға қарағанда әлдеқайда көп көрсеткіш.
Түнгі бағдарлардың алдағы уақыттағы жұмысын жоспарлау үшін сауалнама жүргіземіз. cts_kz Instagram парақшамыздың профиліндегі сілтеме бойынша өтіп, сауаланамаға қатысуыңызды сұраймыз: https://forms.gle/W2prRAUYVjzBW4PP9, - деп толықтырды компания.