18 Қыркүйек 2026, 23:27 Фото: depositphotos.com

Астанада төрт жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды

Жыл басынан бері департамент жеке сот орындаушыларына қатысты 166 жоспарлы және 124 жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Астанада жыл басынан бері төрт жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды. Бұл туралы қалалық Әділет департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Жыл басынан бері департамент жеке сот орындаушыларына қатысты 166 жоспарлы және 124 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Бақылау кезінде атқарушылық әрекеттердің заңдылығы, құжаттарды орындау мерзімі, борышкерлердің мүлкі мен кірістері туралы мәліметтер және мәжбүрлеп орындату шараларының толықтығы тексеріледі.

Әсіресе алимент өндіруге қатысты істерге ерекше назар аударылады. Әділет департаментінің мәліметінше, мұндай істер балалардың құқықтарына тікелей қатысты болғандықтан, сот орындаушылары заңда көзделген шараларды уақтылы әрі толық қабылдауға міндетті.

Сонымен қатар алимент бойынша берешегі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді.

Заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, қажет болған кезде материалдар құзырлы органдарға жолданады.