Астанада өткен STEM олимпиадасының жүлдегерлері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада тұңғыш республикалық STEM олимпиадасының қорытындысы шығарылды. Барлығы 4 номинация бойынша 36 жеңімпаз команда анықталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Олимпиаданы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен «Астана  Innovations» АҚ ұйымдастырды. Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам оқушыны құраған 140 команда қатысты.

Инновациялық білім олимпиадасы жыл сайын өзіндік рөлін айқындай түседі. Ал келесі жылдан бастап халықаралық конкурсқа айналады, - дейді  "Астана Innovations" АҚ басқарма төрағасы Арыстан Қазжанов.

Бұл іс-шара ғылыми және техникалық білімнің дамуына зор әсер етеді. Барлығы 4 номинация бойынша 36 жеңімпаз команда айқындалды: 3D үлгілеу, инженерлік математика, бағдарламалау және жобалық робототехника. Елордалық №38 және №73 мектептері, сондай-ақ Дарын ММИ (Қарағанды қаласы) ең көп номинацияларға ие болды.

Жеңімпаздар 3D принтер, ноутбук, дрон, робототехника жиынтықтары, сауықтыру лагеріне жолдама секілді түрлі жүлделерге ие болды.

Айта кетейік, STEM – техникалық білім беру саласындағы соңғы жетістіктерді қамтыған инновациялық олимпиада. Олимпиада инженерия, бағдарламалау, робототехника және 3D үлгілеу секілді ғылымдардан тұрады. Қазақстанда STEM зертханалары былтырдан бастап ашыла бастады. Олардың алғашқысы елордадағы №41 мектепке орнатылды. Ал бүгінде елімізде 90-нан астам STEM зертхана жұмыс істеп тұр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы