Астанада тісті қайда тегін емдетуге болады
Елордада биыл 77 стомклиника МӘМС аясында қызмет көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2023 жылы елордада МӘМС аясында 2,2 млрд. теңгеге 600 мыңнан аса стоматологиялық қызмет көрсетілген. Биыл Астана қаласы бойынша 77 стоматологиялық клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырды. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы.
Қазіргі уақытта стоматологиялық қызмет алу үшін учаскелік дәрігерден жолдама алудың қажеті жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесі стоматологиялық клиниканы пациенттің өзі таңдауына мүмкіндік беріп отыр. Тек сіз таңдаған тіс емханасы ӘМСҚ-мен келісімшартқа отырған болуы тиіс. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының 2024 жылға келісімшартқа отырған медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 77 клиника стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың тізімін мына сілтеме бойынша қарауға болады:
Өкінішке қарай, азаматтар кей жағдайда өз құқықтарын білмей жатады. Ал олардың – пациенттердің стоматологиялық клиниканы таңдау құқығын барлық емханалар бірдей сақтай бермейді. МӘМС бойынша қолжетімді болуы тиіс стоматологиялық қызметтер толық көрсетілмейді. Сондықтан біз пациент құқығын қорғау мақсатында барлық клиникалармен жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз, - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов.
Тісі таза, сау адамның - дені сау. Балалардың тісін 2 жастан бастап күту керек. Аурудың алдын алу мақсатында емханада тіске ремтерапия жасатуға, яғни, тісті минералды лакпен қаптатуға болады.
2 баламның тістерін емдетіп жүргеніме біраз болды. МӘМС бойынша тегін емдетіп жатырмын. Бұл көп балалы аналарға үлкен көмек, - Ержан мен Жасұланның анасы Маржан.
Милана жүктілікке байланысты жоспарлы түрде стоматолог қабылдауында болған.
Мен жүктілігіме байланысты жоспарлы түрде стоматолог қабылдауында болдым. Маған қай тістерімді емдеу керек екенін, тісімді МӘМС бойынша ақысыз емдейтінін түсіндіріп берді, - дейді Милана риза көңілмен.
Мамандар МӘМС жүйесінде қандай стоматологиялық көмек алу жөнінде кеңес береді, қажет болған жағдайда мәселені шешуге медициналық ұйымның сарапшыларын жұмылдырады.
Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты бар стоматологиялық клиникалар пациенттерді МӘМС аясында қабылдайды. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсетеді. Ал тіс аяқ асты қатты ауырған жағдайда, тұрғындардың атаулы 10 санаты шұғыл стоматологиялық көмекті тегін алады, - деп түсіндіреді стоматолог-терапевт дәрігер Сәния Талғатқызы Қартай.
Естеріңізге сала кетейік, МӘМС бойынша:
- жоспарлы стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ала алады.
- шұғыл стоматологиялық көмек ала алатын азаматтар:
- 18 жасқа дейінгі балалар;
- жүкті әйелдер;
- ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар;
- I, II, III топтағы мүгедектер;
- «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар;
- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- жасы бойынша зейнеткерлер;
- жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;
- мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
-бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар.
* Жоспарлы стоматологиялық көмек түрлері:
-рентген;
- ауырсынуды басу;
- кариестің барлық түрлерін емдеу, қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу;
-хирургиялық емдеу: тіс жұлу, абсцессті ашу, периостотомия, т.б.
Одан бөлек, жақ-бет аймағында туа біткен патологиясы бар балаларға арнайы ортодонтиялық пластина орнату бойынша стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.
- Шұғыл түрдегі стоматологиялық көмек түрлері: тіс қатты ауырған кезде тіс жұлу, абсцессті ашу, периостотомия, т.б.