Астанада терек мамығы маусымы: Елордалық ТЖД өрт қауіпсіздігі туралы ескертті

Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ажар Рүстемова елордалық әкімдікте өткен брифингте терек мамығына байланысты өрт қауіпсіздігі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спикер атап өткендей, жыл сайын жаз айларының басында қаладағы өрттердің саны бірнеше есе артады, бұған көбіне терек мамығы себеп болады. Өткен 2022 жылғы мамыр және маусым айларында елордалық ТЖД қызметкерлері терек мамығын сөндіруге 62 рет шыққан.

Көшелер мен аулалар қар секілді терек мамығымен көмкеріліп қалады, бұл өз кезегінде ықтимал өрт ошағына айналады. Көбіміз балалық шағымызда терек мамығынан жолдар жасап, кейін оларды өртеп жіберетініміз есімізде. Өкінішке қарай, адамның психологиясы өзгермейді және қазіргі уақытта да балалар осылай ойнап жатады. Бірақ оның қауіптілігін толықтай сезіне бермейді. Балалар ғана емес, ересектер де темекі тұқылын немесе сіріңкесін сөндірмеген күйі лақтыру арқылы өрт қаупін тудырады, – деді ол.

Терек мамығы арқылы от үйлер мен басқа ғимараттардың жанғыш материалдарына көшеді. Әсіресе, осы кезеңде көліктерге зияны тиіп жатады, тіпті гараждар да қызыл жалынға оранады.

ТЖД осы уақыт аралығында өрт қауіпсіздігі талаптарын еске салып өтті.

Осы кезеңде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет. Мамық жиналған жерлерді үнемі тазалап отыру керек, балалар мен жасөспірімдерге оны өртеуге жол бермеу керек. Кәсіпорындар мен мекемелерде темекі шегу режиміне бақылау жасау, от жағуға және қоқысты жағуға қатаң тыйым салу, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуге дайындықты мұқият жүргізу, қосымша өртке қарсы нұсқаулықтар жүргізу қажет. Департамент ересектерге егер көшеде терек мамығымен ойнаған балалардың тентектігін көрсеңіздер – жанынан өтіп кетпей, өрттің алдын алуды ескертеді. Кішкентай балалардың сіріңке мен оттыққа қол жеткізуін шектеген жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: қалалық әкімдік
Өзгелердің жаңалығы