Астанада теннистен Президент кубогының жеңімпазы анықталды
Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында ATP Challenger 50 санатындағы халықаралық «Президент Кубогы» турнирі аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жекелей сында турнирдің чемпионы атағын әлемнің 187-ракеткасы, норвегиялық Николай Будков Кьер жеңіп алды. Финалда ол ATP рейтингінде 420-орында тұрған италиялық Александр Биндумен кездесіп, 6:4, 6:3 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.
18 жастағы Будков Кьер бұл маусымдағы үшінші ATP Challenger турнирін ұтып отыр. Айта кетсек, ол екінші жеңісіне соңғы екі апта ішінде қол жеткізіп отыр – 27 шілдеде Тампереде өткен жарыста да топ жарған болатын. Қазақстандағы жеңісі үшін норвегиялық теннисші 50 рейтингтік ұпай мен 8 350 АҚШ доллары көлемінде жүлде алады. Осы нәтижеден кейін ол ATP рейтингінің ТОП-150 қатарына жақындайды деп күтілуде.
Еске сала кетейік, былтыр ATP 250 Almaty Open турнирін ұйымдастырушылар Николай Будков Кьерге іріктеу кезеңіне қатысу үшін wild card ұсынған болатын. Бұл – Қазақстан теннис федерациясының әлемнің жас әрі болашағынан үміт күттіретін спортшыларын қолдауға бағытталған тұрақты саясатының бір көрінісі.
Ал жұптық сында жапониялық Тайсей Ишикава мен Кокоро Исамура чемпион атанды. Финалда олар Фрэнсис Алькантара (Филиппин)/Сун Пак (Корея) дуэтін 7:5, 2:6, 10:5 есебімен жеңіп, турнирдің басты жүлдесін иеленді.