23 Қыркүйек 2026, 13:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Астанада тексерілген азық-түліктің 50 сынамасы талапқа сай болмай шықты

Астанада 2026 жылдың есепті кезеңінде бақылау мақсатында сатып алынған азық-түліктің 50 сынамасы белгіленген талаптарға сай келмеген. Бұл зерттелген азық-түлік сынамаларының 3,6 пайызы. Мұндай өнім анықталғанда қандай шара қабылданатынын BAQ.KZ тілшісіне Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев түсіндірді.

Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі өнім дүкен сөресіне түскен кезде ғана тексерілмейді. Өндіруші шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі өндіріс кезеңдерін бақылауға тиіс. Ал мемлекеттік органдар өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін қадағалайды.

Кәсіпорындар өндірістік бақылау жүргізіп, ықтимал қауіптерді алдын ала анықтауы керек. Ол үшін тамақ өнімдерін өндіруде HACCP қағидаттарына негізделген рәсімдер қолданылады. Бұл жүйе биологиялық, химиялық және физикалық қауіптерді бақылауға мүмкіндік береді, - деді Мұхамғали Арыспаев.

Маманның сөзінше, өнім қауіпсіздігіне оның құрамы ғана емес, өндіріс жағдайы, сақталуы, тасымалдануы және қаптамадағы ақпараттың дұрыстығы да кіреді. Бұл талаптар Қазақстан заңнамасы мен тамақ өнімдеріне арналған техникалық регламенттерде белгіленген.

Астанадағы тексеру нені көрсетті?

Департамент ұсынған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың есепті кезеңінде Астанада бақылау мақсатында 1 906 өнім сынамасы сатып алынған. Оның 1 386-сы азық-түлік, 520-сы азық-түлік емес тауар.

Азық-түлік сынамаларының 50-інен сәйкессіздік анықталды. Бұл зерттелген азық-түліктің 3,6 пайызы. Азық-түлік емес тауарлар арасында 87 сынама, яғни 16,7 пайызы талапқа сай келмеді, - деді департамент басшысының орынбасары.

Осылайша, екі санат бойынша талапқа сай келмеген сынамалар саны 137 болды. Департамент дерегінше, мұндай өнімдер анықталғаннан кейін сауда субъектілеріне жедел ден қою шараларын қолдану туралы 30 қаулы берілген. Соның нәтижесінде жеткізушілерге қайтару үшін 353,4 келі өнім саудадан кері алынған. Бұған қоса, 30 тергеп-тексеру және қаулылардың орындалуын бақылауға арналған 25 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.