Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында көгалдандыру жұмыстары жалғасуда
Астанада қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бастамаға мемлекеттік ұйымдармен қатар бизнес өкілдері мен елорда тұрғындары да белсенді атсалысуда. Экологиялық акцияға «Астана Тазалық» ЖШС мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы қосылды.
Бірлескен іс-шара екі ұйым арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Акция барысында орталық аумағына 100-ге жуық шырша және жапырақты ағаш көшеті отырғызылды.
Ағаш отырғызу үшін бұл аумақтың таңдалуы кездейсоқ емес. Мұнда күн сайын ем алатын пациенттер мен олардың жақындары болады. Көгалдандырылған әрі абаттандырылған аумақ емделушілер мен медициналық көмекке жүгінетін азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде көптеген ұйымдар мен елорда тұрғындарын ортақ іске біріктіріп келеді. Астана әкімдігінің қолдауының арқасында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Біз үшін мұндай бастамалардың бір реттік шарамен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы маңызды. «Астана Тазалық» елорданы абаттандыру, санитарлық тазалық пен көгалдандыру бағытында күн сайын жұмыс жүргізіп келеді, – деді «Астана Тазалық» ЖШС атқарушы директоры Альберт Есалиев.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасының орынбасары Асхат Сапаров қоршаған ортаның жай-күйі адам өмірінің сапасы мен денсаулығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Медициналық мекеме үшін пациенттерге қолайлы әрі жайлы орта қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан біз «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаймыз. Бүгін «Астана Тазалық» ұжымымен бірге орталық аумағын көгалдандыруға өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз. Бүгін отырғызылған ағаштар уақыт өте келе орталықтың жасыл желегінің бір бөлігіне айналады деп сенемін, – деді Ержан Әділбеков.
«Астана Тазалық» мамандарының айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін де көшеттердің жағдайы тұрақты бақылауда болады. Оларға қажетті күтім жасалып, суару жұмыстары жүргізіледі. Бұл тәсіл отырғызылған көшеттердің санын арттырумен қатар, олардың жерсінуіне де мүмкіндік береді.
Бүгінде экологиялық бастамаларға қосылатын ұйымдар саны артып келеді. Осындай бірлескен шаралар ортақ күшті біріктіріп, елордада жасыл желекті, абаттандырылған әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.