Астанада тарихымыздағы батыр аруларға арналған фотокөрме ашылды
Астана, BAQ.KZ. Астанадағы Әскери-тарихи мұражайда «Қазақстан тарихындағы әйелдер есімдері - соғыстағы арулар» фотокөрмесі ашылды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Көрменің негізгі мақсаты - қайталанбас ерлігімен, соғыс кезіндегі қайтпас қайсарлығымен тарихта қалған нәзік жандарға құрмет көрсету, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялатып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
"Барлық кезеңдерде батыл да ержүрек әйелдер ерлермен бірге иық тіресе жүріп, Ұлы даланы қорғап қалуға атсалысты. Осылайша, Қазақстан тарихында өздерінің өшпес ізін қалдырды. Ержүрек әйелдер мен қыздарымыз: Томирис, Зарина, Бопай ханша, Айбике ару, Гауһар, Назым, Ақбикеш, Сапура батыр «Көктемір», Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова, Акима Ақжолова, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және тағы басқалар", - делінген таратылған хабарламада.
Қала тұрғындары мен қонақтары аталған көрмені бір ай бойы күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықта Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Әскери-тарихи мұражайында тамашалай алады. Кіру тегін.