Астанада тарихи саммит: Тоқаев пен әлем көшбасшылары қандай мәселені талқылап жатыр?
Иордания Королі, Орталық Азия президенттері мен өзге де елдердің өкілдері бас қосқан жиында жасанды интеллект қауіпсіздігі басты назарға алынды.
Астанада Ақаба процесінің «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған саммиті өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар қатысуда.
Ақаба процесі – Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн 2015 жылы көтерген терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық бастама.
Аталған алаңда қауіп-қатерлерге қатысты ортақ түсінікті қалыптастыру және нақты әрекет ету шараларын үйлестіру мақсатында мемлекеттер басшылары, арнайы қызметтердің, әскери ведомстволардың және халықаралық ұйымдардың жетекшілері бас қосады.