Астанада такси жүргізушісі Наурызға сай көлігін ерекше безендірген
Жүргізуші жолаушыларына Наурыздың атмосферасын сезіндіруге тырысқан.
Астанада қарапайым такси жүргізушісінің ерекше бастамасы көпшіліктің назарын аударды. Ол Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай өз көлігін ұлттық нақышта безендіріп, жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды мақсат еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жүргізуші көлігінің ішін де, сыртын да қазақы ою-өрнектермен, түрлі сәндік элементтермен әсемдеп, Наурыздың атмосферасын сезіндіруге тырысқан. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар мен фотолардан көліктің ерекше безендірілгенін байқауға болады. Бұл туралы ол өзінің Threads парақшасында бөліскен.
Ең әсерлісі – жүргізуші әрбір жолаушысына тегін бауырсақ ұсынып, мейрамның шынайы рухын жеткізе білген. Мұндай жылы ықылас жолаушылардың көңілінен шығып, әлеуметтік желі қолданушылары да бұл бастамаға оң пікірлерін білдіріп жатыр.
Бүгін Нағыз патриот такси сезініп жатырмын өзімді. Астанада көлігімді көргендер бар ма, біраз баланың тоқтаған орында келіп суретке түсіп қуанғанын көріп өзім қуанып жатырмын, - дейді такси жүргізушісі.
Ал көлік жүргізушісі мұндай эстафетаны өзінің басқа әріптестеріне жолдады.