Астанада такси жолаушысы жүргізушінің iPhone-ын ұрлап кетті
Астанада такси жолаушысы жүргізушінің смартфонын ұрлап кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қалалық полициясына жергілікті тұрғын ұялы телефонының ұрланғаны жөнінде арызданды. Оның айтуынша, автокөлік салонынан құны шамамен 300 мың теңге тұратын iPhone 15 маркалы ұялы телефоны ұрланған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. 42 жастағы ер адам такси қызметін пайдаланып, қажетті мекенжайға жеткен соң көліктен шығарда жүргізушіге тиесілі смартфонды көрсетпей ұрлап кеткен. Салдарынан жәбірленушіге материалдық шығын келтірілген, - деп жазылған Астана қаласының ПД хабарламасында.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті өз кінәсін мойындады. Ол телефонның ашық жерде жатқанын пайдаланып, оны алып кеткенін айтқан.
Қазіргі таңда оған қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сонымен қатар, оның бұған дейін қаланың басқа аумақтарында жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Полиция департаменті қала тұрғындарына сақ болуды, әсіресе такси секілді қоғамдық орындарда бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Ұялы телефон тергеу барысында табылып, иесіне қайтарылды.